Халықаралық балаларға арналған кітап күні 1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат балалар жазушысы әрі ертегіші Г.Андерсеннің туған күніне орай атап өтіледі. Балалар кітабы - бұл тек ертегі емес, ол баланың қиялын қанаттандырып, жүрегіне жылулық сыйлайтын ерекше әлем.
Балалар кітабы күніне орай №4 арнайы балабақшасының №6 «Айгөлек» мектепалды тобында «Кітап - ғажайыптар мекені» тақырыбында танымдық іс-шара өткізілді, тәрбиеленушілер №2 қалалық балалар кітапханасына саяхатқа келді.
Шараның басты мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың түрлі іс-әрекетінде Қазақстан халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен, балалар көркем әдебиетімен таныстыру арқылы ауызекі байланыстырып сөйлеу, сөйлеудің дыбыстық мәдениетін қалыптастыру, белсенді сөздік қорын байыту,балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру және олардың қиялын дамыту.
«Кітап - ғажайыптар мекені» саяхаты барысында балалар бөлімінің кітапханашысы Бекболатова Оразгүл Құрақбайқызы кітаптарды дұрыс пайдалану ережелерін айтты. Сонымен қатар балаларды түрлі жанрдағы кітаптармен таныстырды. Ертегілер, суретті кітаптарға шолу жасап, қызықты кітаптарды оқуға ұсыныс жасап, кітап таңдауды үйретті.
Кітапханаға саяхат балаларға білімнің жаңа әлемін ашып ғана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтіп, кітап оқуға қызығушылығын арттырды.Іс-шара барысында балалар ертегілер әлеміне саяхат жасап, сүйікті кейіпкерлері жайлы сұрақтарға жауаптар беріп, қызықты ойындарға қатысты.
Кітап - адам баласының ғасырлар бойы жинақтаған білімі мен даналығын, ізгілік пен мейірімділігін сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізетін қазына. Әрбір ашылған кітап - жаңа әлем, жаңа дос, жаңа арман!