Бүгін 24 ақпан күні «Арнайы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие және дамыту процесін ұйымдастыру» атты тақырыпта Ақтау қаласындағы облыстық № 4 арнайы балабақшада облыстық семинар өтті.
Семинарға білім басқармасының мамандары, аудандық, қалалық мектепке дейінгі ұйымдардың пән мұғалімдері, арнайы мамандары мен тәрбиешілері және ата-аналар қатысты.
Семинар барысында аталған балабақшаның тәжірибелі мамандары «Театрландырылған ойындар арқылы есту қабілеті зақымдалған балалардың сөйлеу тілін жетілдіру» атты шағын топтық сабақтар, «Ойнайық та, ойлайық!» атты озық технологиялар мен ойын-әдістер көрмесін, дыбыстарды қою тәсілі атты шеберлік сынып, «Мұғалім бейнесі» атты психологиялық тренинг және т.б өткізді.
Сурдопедагог Ш.Хамидуллина «Есту қабілеті бұзылған балаларды қоршаған ортамен таныстыруда әдіс-тәсілдерді, технологиялық құралдарды қолдану» бағдарламасымен таныстырды.
Тәрбиеші Д.Абдимуратова ұлттық құндылықтарды дәріптеуді жаңаша түрдегі құрал ретінде оқу іс-әрекетінде қолданысқа енгізіп, балалардың ойлау қабілетін, дене қимылдын дамытуда «Даналық» үстел үсті ойының ерекшелігі мен тиімділігін атап көрсетті.
Дефектолог Ж.Жандильдина мектепке дейінгі жастағы балалардың математикалық дағдыларын дамыту, сан мен пішіндердің, түстердің байланысын көрсетуде жиынтық дамыту жүйесі «Нумикон» әдісімен бөлісіп, шара соңы «Мен күннің шуағымын!» атты ерекше балалардың өнерлерімен ұштасты.
Семинарға қатысушылар өзара пікір алмасып, бүгінгі күннен алған әсерлерімен бөлісті.
Ата-аналар балаларына күнделікті жан-жақты тәрбие беріп, ата-аналар қауымымен тығыз байланыста отырған балабақша ұжымына риза болып, алғыстарын білдірді.